Мәдениет

Мұражай жасақтаған мектеп

Алты Алашқа аты мәлім Мөңке бидің ізі қалған Мөңке би ауылындағы киелі топырақта өсіп-өнген азаматтар баршылық. Соның бірі — ұзақ жылдар бойы басшылық қызмет атқарған қоғам қайраткері, тарих ғылымының кандидаты, профессор Мұхамбетқазы Тәжин еді. Қазір Мөңке би ауылындағы орта мектеп осы мекенде туып-өскен, осындағы жетіжылдық мектепті бітірген Мұхамбетқазы Тәжиннің атымен аталады. Жақында осы мектепте өлке тарихына арналған мұражай ашылды.

Мұражай шымылдығы мектептің 11-сынып оқушысы, халықаралық «Бозторғай» фестивалінің лауреаты Көркем Сүндетбаеваның орындауындағы Жанар Сүндетбаеваның сөзіне жазылған Есенжол Өтебасовтың  «Әулие ата» әнімен ашылды.

— Негізі, мұражай ашу үшін біраз жыл дайындалдық, — деді мұражай меңгерушісі Жанар Сүндетбаева мұражайдың ашылу салтанатында. — Мұражай қорын толықтыру мақсатында жыл сайын жаңа оқу жылының басында «Тарихы туған жердің қымбат маған» атты акция өтеді. Сонымен қатар мектеп оқушыларының жинаған мәліметтері мен мұражай жанынан құралған «Таным» үйірмесі мүшелері еңбектерінің арқасында жиналған деректер топтастырылды.

Мұражай ашу барысында Жанар Сүндетбаева мен мектеп ұжымының көп еңбектенгенін байқадық. Мұражай үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім Мөңке би бабамызға арналған. Мұнда 2006 жылы өткен баба мерейтойынан көрініс беретін «Шектіге ұран болған Әулие ата», «Қарттарым — асыл қазынам» және «Ауылымыздың мақтаулы перзенттері» деп аталатын суреттер тақтасы мен жинақтар бар.

Екінші бөлімнен Мұхамбетқазы Тәжиннің өмірімен, еңбек жолдарымен танысуға болады. Бөлім «Аға ісі — өміріме өнеге» деп аталады. Бұл бөлімде ғалым ағаның жеке кітапханасындағы кітап қоры, жазбалары, барлық құжаттарының түпнұсқалары, сондай-ақ жанына серік болған қасиетті қара домбырасы және Ғабит Мүсіреповтың көп жыл ұстап, кейін Мұхамбетқазы ағаға сыйға тартқан күміспен әбзелденген таяғы мен ағаның т.б. заттары бар. Бұл заттарды мұражайға сол қалпында жеткізіп, тапсырған ауылымыздың төл перзенті, аудандық білім бөлімінің бастығы Қуаныш Табаналы.

Ал үшінші бөлім мектеп тарихына бағытталған. Яғни мұнда 80 жылдық тарихы бар білім ордасын басқарған басшылардан бастап, кезінде мектебімізде табанды еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан және осы күнгі аға буын ұстаздарымыз туралы деректер бар. Сондай-ақ бір құнды суретті байқадық. Бұрын Қайыр сегізжылдық мектебі алғаш ашылған күні, яғни 1967 жылы 1 қыркүйекте түсірілген сурет сақталыпты. «Кешегі күннен бір белгі» атты тақтада сол кездері мектеп жанынан құралған кешенді бригада туралы 1968 жылы Ақтөбе ғылыми-зерттеу институты шығарған газет және Сарайшық қаласының маңынан табылған ескі қыш құмыра өз орнын тапқан. Бұл құмыраны мұражай қорына география пәнінің мұғалімі Бану Мусаева тапсырды. Мұражай бөлмесін безендіруге мектеп қызметкерлері Самғат Өмірбаев пен Гүлсана Есенжолова біраз еңбек еткен.

Салтанатты жиынға қатысқан аудан әкімі Рахат Сыдықов былай деді:

— Баршаға мәлім, 2006 жылдың қыркүйек айында осы ауылда дана, ойшыл, кемел көреген Мөңке би бабамыздың рухын асқақтатқан үлкен той өтіп, 2007 жылы ауылдың қақ төрінен типтік жобада салынған 320 орындық екі қабатты Мұхамбетқазы Тәжин атындағы орта мектептің жаңа ғимараты бой көтерді. Міне, бүгін сол игілікті істің жалғасы іспеттес мектептің, жалпы осы өңірдің өткені мен бүгінінен сыр шертетін мұражай ашылып, үлкен қуанышқа кенеліп жатырмыз. Мөңке би бабамыздың ұрпағы, белгілі қоғам қайраткері, ғалым Мұхамбетқазы Қауысұлы Тәжин шәкірт тәрбиелеп, көптеген жауапты қызметтер атқарған. «Ат тұяғын тай басар» дегендей, ағамыздың баласы Марат Мұхамбетқазыұлы да егемен еліміздің белгілі саясаткері, қоғам қайраткері. Осындай ағаларымыздың біздің өңірден шығуы — біз үшін зор мақтаныш. Тәлім-тәрбие беру жолындағы жұмыстарыңызға алғыс айтамын.

Аудандық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Гүлнәр Ізтаева жаңадан ашылған мұражайдың жұмысына сәттілік тілеп, сый-сияпатын табыс етсе, Ақтөбеден келген еңбек ардагері Базарбай Сәрсенов жүрекжарды тілегін жеткізді. Бұдан соң аудан әкімі Рахат Сыдықов пен «Динарэлектромаш» ЖШС-ның аймақтық директоры Есенғали Жүгінісов мұражайдың лентасын қиды. Келген қонақтар мұражай бөлмесін аралап, жәдігерлермен танысты.

Бұл күні мектептің кең спорт залында бокстан ауданаралық турнирдің ашылуы болды. Аудан әкімі Рахат Сыдықов, Мұғалжар аудандық білім бөлімінің бастығы Қайырғали Назаров, «Динарэлектромаш» ЖШС-ның аймақтық директоры Есенғали Жүгінісов, Мұғалжар орта мектебінің директоры Рүстем Сейітов, В.Цеханович атындағы №1 Шалқар спорт мектебінің директоры Серік Жоламанов құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. 1993-2002 жылы туған жасөспірімдер арасында өткен турнирге Төлтай Шанов, Бек Сүлейменов атындағы, ГКС-12 орта мектептерінен, Владимир Цеханович атындағы №1 Шалқар, Бадамша спорт мектептерінен барлығы 100-ге жуық оқушы қатысты.

Сонымен, екі күнге созылған турнир қорытындысында М.Тәжин атындағы орта мектептің оқушысы Бақытжан Серікқалиев М.Тәжин атына тағайындалған жүлдені иеленіп, «Ең үздік боксшы» атанды. Сонымен қатар әр салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаз атанған оқушылар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Турнир соңында мектеп директоры Нұрбол Көптілеу осы жарысқа демеуші болған бір топ азаматтарды Алғыс хаттармен марапаттап, иықтарына шапан жапты.

— Өткенге көз жіберсек, Қайыр мектебіне Қазақстан Министрлер кабинетінің 1993 жылғы 13 тамыздағы №695 қаулысымен Мұхамбетқазы Тәжиннің есімі берілген, — деді мектеп директоры Нұрбол Көптілеу. — Ұстаздар мен шәкірттер аға есіміне сай еңбек етуге, білім алуға, спортпен шұғылдануға құштар. 2009 жылдың қаңтар айынан бастап мектебімізде жас маман Бекболат Бекжанов жетекшілік ететін бокс секциясында 30 оқушы шұғылданады. Ашылғанына көп уақыт болмаса да шәкірттері бапкер сенімін ақтап, көптеген додаларда жүлделі орындарды иеленіп жүр. Мұндай турнир бұл мектепте бұрын-соңды өтпеп еді. Міне, ұжымның ауызбіршілігінің арқасында, спортқа жанашыр азаматтардың демеушілігімен аталған жарыс өз мәнінде өтті. Турнирдің өтуіне демеуші болған Есенғали Жүгінісов, Садақбай Өтегенов, Кәдіржан Жанпейісов, Марат Қансұлтанов, Әліби Саттықов, Қонысбай Нұрпейісов, Қайрат Нұсқабаев, Сағитжан Жұмабаев, Алтынбай Сатаев, Боранбай Бисеналин, ПЧ-7 мекемесінің ауылдағы бөлімшесінің қызметкерлеріне, тағы басқа азаматтарға ұжым атынан алғысымды білдіремін,

Ауылға арнайы келген қонақтар жаңадан ашылған мұражайға өздерінің сый-сияпаттарын тарту етті. Және шараның өн бойы ауыл өнерпаздарының ән-билерімен өрнектелді.

Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button